Oyan, Qazaqstan қозғалысы Қаңтар оқиғасына байланысты мәлімдеме жасап, қанды оқиғаны толық әрі тәуелсіз тергеуді талап етті. Қозғалыстың 5 қаңтар күнгі мәлімдемесінде саяси тұтқындарды дереу босату, азаматтарды қудалауды доғару, Қаңтар оқиғасына қатысты барлық материалды ашық жариялау, қылмыстық бұйрық бергендерді әділ сотқа тарту сияқты талаптар бар.
Қозғалыс өкілдері "кедейлік пен жемқорлықтан шаршаған азаматтар" осыдан үш жыл бұрын Қаңтарда "көшеге шығып, шынайы өзгерістерді талап еткенін", алайда билік халықтың үніне күшпен жауап бергенін атап өтеді.
"Қаңтар оқиғасы – хаос немесе қастандық емес, езгіден қажып, әділдік талап еткен қоғам наразылығы еді. Бірақ олар өз үмітіне оқ пен азаптау түрінде жауап алды" деп мәлімдеді қозғалыс өкілдері.
Oyan, Qazaqstan "Қаңтар оқиғасы – биліктің жауапсыздығы мен қатігездігінің символына айналды" деп есептейді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында "Ана тілі" газетінде жарияланған сұхбатында тілшінің "ел ішінде Қаңтар оқиғасының құпиясы толық ашылған жоқ деген пікір бар. Бұған не айтар едіңіз?" деген сұрағына "Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды. Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды" деп жауап қатты.
Тоқаев 2022 жылғы 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғыны "көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен болды" деп санайды. Бірақ оның "қаскөй", "халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарағандар" деп нақты кімді меңзегені белгісіз күйде қалды.
- 2022 жылы Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылықтан басталған. Көп ұзамай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне қарсы бейбіт наразылық саяси сипат алып, Қазақстанның басқа қалаларына да тарады.
- Наразылар барлық деңгейдегі билікті ауыстыруды талап ете бастады. Кей қалада митингілер аяғы полициямен қақтығысқа, әкімшілік ғимараттарды басып алып, дүние-мүлікті қиратып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласып, кісі өліміне әкеліп соқты.
- Наразылықты басу үшін биліктің сұрауымен сырттан Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскері шақырылып, елге енгізілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза болған, арасында балалар да бар.
- Қанды оқиғаға үш жыл толған уақытта да құқық қорғаушылар мен сарапшылар Қаңтардың басты сұрақтарына жауап табылған жоқ деп санайды. Азаттық ақпарат құралдарында шыққан Қаңтар соттарына шолу жасап, Қаңтарда қаза болған кемінде 238 адамның тек кемінде 15-інің өліміне қатысты сот өткенін анықтады. Адам өліміне қатысты көп қылмыстық іс жабылған. Оқиға кезінде ұсталып, азапталған азаматтардың көбінің шағымы қаралмаған. БҰҰ арнайы баяндамашыларының 2024 жылы 9 мамырда Қазақстан билігіне жолдаған сауалында Қаңтарға қатысты азаптау немесе билік өкілетін асыра пайдалану бойынша ашылған 329 қылмыстық істің 236 жабылып қалғаны жазылған. Былтыр қазан айында халықаралық ұйымдар Астананы Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау шағымдарын қайта тергеуге үндеген еді. Осыған дейін ресми Астана Қаңтарды халықаралық сарапшыларды тарта отырып, тәуелсіз тергеу туралы ұсыныстан бас тартқан. Бұған дейін Қазақстан билік өкілдері халықаралық сарапшыларды тартуға қажеттілік жоқ деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР